Сабақтың тақырыбы: Тау тұлғалы - Балуан Шолақ
Сабақтың мақсаты: Халқымыздың мақтанышы Балуан Шолақтың өмір жолымен танысу, әншілік –ақындық мұрасын насихаттау, оның қаһармандық бейнесімен таныстыру
Сабақтың көрнекілігі: Тұлғаның портреті , суреттер, бейнежазба
Сабақтың түрі: баяндау, пікір алмасу, сұрақ жауап
Сабақтың барысы: 1. Өмір жолы
2. Балуандық бейнесі
3. Шығармалары
4. Балуан Шолақтың «Ғалиясы»
Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлы 1864 жылы туған. Алғашқы ресми анықтамалықта еліміздің оңтүстік өңірінде – қазіргі Жамбыл облысы аумағындағы Хан тауының маңында дүниеге келді деп көрсетілген екен. Алайда, бірқатар зерттеушілер 1998 жылы жарық көрген «Балуан Шолақ» жинағына (құрастырған С.Оспанов) енген жұмыстарында бұл деректің жаңсақтығын дәлелдейді. Көзкөргендердің естеліктеріне сүйене отырып, нақты дәйектер келтіріп, оның Сарыарқа тумасы екенін әңгімелейді. Мәселен, жазушы Жайық Бектұров: «Балуан Шолақ өлгенде біз сегіз-тоғыздағы естияр баламыз. Ауыл арасы жақын. Шолақтың есімі де, ат үстіндегі тұлғалы елесі де біздің көзімізге, көкірегімізге ерте қонған» дейді. Оның жазуынша, Балуан Шолақ Ақмола облысының Макин (бүгінгі Бұланды) ауданы аумағында туып-өскен. Бурабай мен Ақкөл арасында ертеде Үйсін, Жағалбайлы, Жалайыр, Алшын, Естек ауылдары болған. Солардың ішіндегі Үйсін ауылы Елтай темір жол стансасы сыртындағы Тастыөзек деген шұрайлы қойнаудан орын тепкен. Балуан Шолақтың ата мекені – сол. Кезінде кіндігі кесілген шаңырағы орналасқан орынға кейін Қызыл кордон селосы салынған көрінеді. Дегенмен «қарағайлы, қайыңды орман, бұлақты өзек қойнауындағы» Балуан Шолақ туып-өскен «ауылдың орны, көңі әлі күнгі көп төмпеш болып сайрап тұр».
Сонымен, Балуан Шолақтың туып-өскен өңірі – Арқа, Көкше аймағы. Бұл жаққа аталары оңтүстіктен бірер ғасырдай ілгеріде көшіп келген. Әкесі Баймырза өз төңірегіне танымал ағаш шебері болыпты. Тапсырыс берушілерге шаруашылықта, тұрмыста қолданылатын түрлі жабдық, құрал-сайман, бұйымдар жасап берумен шұғылданса керек. Шешесі Қалампыр үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысқан, әйел болғанмен ерге бергісіз күші бар қарулы кісі екен. Балуан Шолақтың теңдессіз күш иесі болуы осынау анасына тартқандығынан деседі.
14 жасынан бастап күреске түсіп, ат құйрығында ойнаған спортшы болған, шауып келе жатқан ат үстінде әр түрлі күрделі жаттығуларды шебер орындаған. Мысалы: жүйткіп келе жатқан ат үстінде түрегеліп, не басымен тұруы, аттың бауырынан өтуі, бір аяғын үзеңгіге қыстырып, шалқалап жатып шабуы бойындағы жойқын күшті, ептілікті шебер игере алатындығын, қазақтың далалық цирк өнерінің іргетасын қалағандығын айғақтайды. Көкшетау қаласындағы үлкен жиындарда 51 пұт (830кг-дай) кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таң қалдырған. 1899 ж. Орыс палуаны Иван Кореньмен күресіп, оның қабырғасын сындырғанда Балуан Шолақ 35-те еді.
Мұның үстіне Балуан Шолақ ән-күйге жасынан құмар болады. Бертін келе, жігіт шағында Балуан Шолақ осы екі өнерді қатар дамытады. Әке-шешесі қайтыс болған соң, Ғаникей деген қызға үйленген Балуан Шолақ ел аралап, салдық құрады және жалғыз-жарым жүрмей, маңына әнші-күйші, палуан, өнерлі жастарды жинайды. Топ құрып, «ансамбль» болып сауық құру Балуан Шолақтың дәстүріне айналған.
Балуан Шолақтың «Ащылы-айырық», «Балуан Шолақ», «Желдірме», «Дікілдек», «Көкшетау», «Қосалқа», «Қос барабан», «Қос перне», «Құлан кісінес», «Кенже қоңыр», сияқты әндері бар. Оның халық арасына кеңінен тараған әндері – «Ғалия» мен «Сентябрь».
Балуан Шолақтың аса атақты әндерінің бірі «Ғалия» екені белгілі. Ол авторының есімін шартарапқа жайды. Ыстық, мөлдір махаббатты асқақтата жырлаған осынау сүйіспеншілік жыры өзінің асқақ та сазды әуенімен және нәзік сезімді ерекше құштарлықпен бейнелеуі арқасында көп көңілінен шықты. Бұл ән Балуан Шолақтың музыкалық шығармашылығының шырқау биігі санатында аталады. Ел арасында ол бірнеше түрде айтылып келген. Осынау көпке әйгілі тамаша әннің толықсыған кейіпкері жайында Сәбит Мұқанов пен Ахмет Жұбановтан бері талай зерттеушілер қалам тербеп келеді. Ғалия Тілеуқызының базарда қымызхана ұстағаны, көрікті болғаны, 22–23 жасар шағында оған қырықтың қырқасына шыққан Балуан Шолақтың ғашық болғаны, содан ғаламат ән туғаны, жалпақ дүниеге ғажайып жыр болып шашылған осынау махаббаттың 1908–1909 жылдары туғаны дау-дамайсыз шындық ретінде айтылады.
Балуан Шолақ шығармашылығы мәдениетіміздің төрінен мәңгі орын алған құнды жәдігерлік болып табылады. Есімін халық қадірлейді. Өкіметіміз оның әншілігін, сазгерлігін, ұлттық спорттың негізін салып, қазақтың өзіндік ұлттық мәдениетін дамытуға қосқан үлесін тану белгісі ретінде, Жамбыл облысы, Шу ауданының Ақтөбе селосының аты Балуан Шолақ селосы деп өзгертілді, сондай-ақ сондағы «Ақтөбе» ұжымшарына, Алматыдағы мәдениет және спорт сарайына, республиканың қалалары мен ауылдарында көшелерге, Көкше аймағындағы туған жерінде мектепке Балуан Шолақ есімі берілді. Ақмола облысының Бұланды аудандық «Бұланды таңы» газеті ауданның қайың-қарағайлы әсем қойнауында тыншып жатқан қазақтың біртуар ұлы, атақты палуан, әнші, композитор, ақын Балуан Шолақтың бейітінің басына биіктігі 16 метрлік сәулеттік шешімі ерекше мемориалдық ескерткіш тұрғызылғаны баршаға мәлімдігін айта келе, 20 метрлік биік ескерткіші салтанатты түрде Жамбыл облысы Шу ауданының Төле би ауылында ашылғанын хабарлады. Қазақтың атақты ақыны, әншісі, композиторы, палуаны, Қазақстанда цирк өнерінің негізін салушы Балуан Шолаққа тұрғызылған ескерткіштің ашылуына Ақмола облысынан ақынның немересі, Шайдолла Құдайбергенұлы Шолақов арнайы барып қатысып, сондай монументтің Балуан Шолақ туып-өскен ауданның орталығынан да бой көтерді.
Ал енді балар өз жерлестерің туралы тағы қандай деректер білесіңдер, сол туралы айтып беріңдер.
Балармен пікір алмасып,тыңдаймыз.
Сабақтың соңы: Сабақтың соңында Қазақфильм киностудиясы түсірген «Балуан Шолақ» көркемфильмінен үзінді көріп, автордың «Ғалиясын » тыңдаймыз.
Үйге тапсырма: Қазақфильм киностудиясы түсірген «Балуан Шолақ» фильмын көру.