ТАБИҒАТ – ТУҒАН АНАМЫЗ...
Дамытушылық: Қоршаған ортаны қорғау, өлкеге деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Тіршілік иелерімен таныстыру.
Тәрбиелік. Табиғатты қорғау, елін, жерін сүю.
Көрнекілік: Слайд
Сабақ әдісі: әңгімелесу, сұрақ – жауап.
Мұғалім: Қазіргі кезде барлық адамзат алдында тұрған күрделі міндеттердің бірі – табиғатты қорғау, оның сан алуан байлықтарын ұқыпты пайдалану, яғни экологиялық қатерден сақтау.
Сабақтың жоспары:
Табиғат дегеніміз не? Табиғатқа не жатады?
1 – оқушы: Табиғат байлықтарының ішіндегі тіршілік атаулының өмір өзегі, аңсар арманы – таза ауа.
Тіршілікте не дейсің ғой ең қымбат?
Тіршілікте адам қымбат, сен қымбат.
Ал адамға ауа қымбат бәрінен,
Ауа қымбат, алатұғын дем қымбат.
2 – оқушы: Табиғаттың көркін ажарландырып, жер бетін саялы баққа айналдыратын байлық көзі – су.
Халқымыз ежелден – ақ суды қастерлеп, «Сулы жер – нулы жер», - деп бағалай білген.
Су деген – тіршіліктің наны емес пе,
Су деген – табиғаттың жаны емес пе,
Су жоқ жерде өмір жоқ, ол ақиқат,
Күміс су қара жердің сәні емес пе?!
Табиғат байлығының бір тобы жер бетіндегі сәулетті еліміздің дәулеті – жасыл әлем.
Өсімдік өлкемізді түрлендіріп тұрған түкті кілем тәрізді. Халқымыздың өсімдікті өмір өзегі деп аялап, оған қамқорлығын еш уақытта аямаған. «Әкеңнен мал қалғанша, тал қалсын»деген көрнекті сөз соның айғағы.
О, құдірет, неткен шалқар күй ең сен,
Бүгін менің әулием сен, ием сен.
Осындайда ойланып қой, жігітім,
Жығылмайсың орманыңа сүйенсең.
«Бір ағаш кессең, он ағаш отырғыз», - деген нақыл сөз бар ата – бабамызда.
Қалықтай ұшып, шарықтап биікке шығып ән салатын құс біткен – табиғаттың әні мен сәні. Олардың әсем де әсерлі әні бойымызды балқытып, еріксіз еліктіреді.
Көктемде құсты атпаңдар,
Сенімін оққа сатпаңдар.
Кішкентай әнді сақтаңдар,
Оларда да титтей жүрек бар.
Табиғаттың сұлу да сымбат мүсіні, көрікті келбеті бар тамаша туындыларының бірі – хайуанаттар.
Халқымыз ежелден – ақ көптеген жануарларды көзінің қарашығындай аялап, қамқорлыққа алған.
Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,
Өзге аңға жануарды тең көрмедім.
Адамның баласынан кем көрмедім.
Мұғалім: Балалар! Қазіргі кезде айналамыздағы ортаны қорғау мен табиғат байлықтарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Сондықтан жастарды қоршаған ортамен байланыс жасауға үйрету, экологиялық саналы тәртіп қалыптастыру – жалпы білім беретін мектептердің міндеттерінің бірі болып отыр. Өткен сабақта біз экология мәселелерінің біразына тоқталып өттік. Сондықтан да «экология» деген сөз нені білдіреді?
Оқушы: Экология сөзі «тіршілік ету мекені» немесе «өмір сүрген орта туралы ғылым» дегенді білдіреді.
Мұғалім: Осы сөзді қай жылы, қай зерттеуші алғашқы ғылыми сөздік қорға қосты?
Оқушы: Экология сөзін немістің атақты табиғат зерттеушісі Эрнест Геккель тұңғыш рет 1869 жылы ғылыми сөздік қорға қосты.
Экология – қоршаған ортаның ластанбауын, адам өміріне зиян тигізбей таза болуын қарайды.
Мұғалім: Ендеше, балалар, табиғатты қорғау, оның барлық байланыстарына аялы қамқорлық жасауға қандай мән беріліп отыр? Мысалы, Қызыл кітап туралы не білесіңдер?
Оқушы: Қазір елімізде табиғатты қорғауға, оның байланыстарына өте зор мән беріліп отыр. Мысалы, 22 сәуір – «Халықаралық жер күні» деп есептеледі. Бесінші маусым «Қоршаған ортаны қорғау күні» деп есептеледі.
Мұғалім: Аз қалған жануарларды, өсімдіктерді құрып кетуден сақтау үшін олардың атын қандай кітапқа жазады?
Оқушы: Табиғаттың Қызыл кітабын шығаруды алғаш ұсынған ағылшын ғалымы оринтолог Питер Скот болды. Ал 1948 жылдан бастап дүниежүзілік сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің «санағы» басталады. Ал 1963 жылы Қызыл кітаптың бірінші басылымы, ал 1966 жылы екінші басылымы жарық көреді.
Ал Қазақстанның жануарларына арналған алғашқы Қызыл кітап 1978 жылы жарық көрді. 1991 жылы екі рет толықтырылып, 1996 жылы үшінші басылымы өңделіп шығарылды.
Қазақстанның Қызыл кітабында:
Ақ бетінде: Сандары азайып келе жатқан, бірақ құрып кету қаупі жоқ, сирек жануарлар мен өсімдіктердің түрлері енгізілді.
Сары беттерінде: Сандары күрт азайып отырған жануарлар мен өсімдіктердің түрлері жазылған.
Жасыл беттерінде: Табиғатқа ұқыптылықпен қарау нәтижесінде сандары қалпына келтірілген жануарлар мен өсімдіктер орналастырылған. Кітапта қорғау шаралары, Қазақстанның картасы, қазіргі таралған аймағы көрсетілді.
Оқушы: Осы кітапқа ақын Қадыр Мырзалиев анықтама берген:
Отыра алмас ұл шыдап, қызым шыдап,
Жоғалғандар тізімі ұзын шұбақ.
Қызыл кітап – мезгілсіз кеткендердің
Бастарына қойылған қызыл шырақ.
Оқушы: Хайуанаттарды, өсімдіктерді көбейтіп өсіретін жерді қорық деп атайды. Осы қорықтарда адамның шаруашылық әрекеттеріне тиым салынған. Қазақстанның 9 ірі қорығы бар: Алматы, Алакөл, Ақсу – Жабағылы, Барсакелмес, Үстірт, Марқакөл, Батыс Алтай, Қорғалжын, Наурызым.
(Картадан қорықтарды көрсету. Өздері салған суреттер арқылы Қызыл кітапқа енген жануарлар мен құстарға сипаттама беру).
Мұғалім: Біз тіршілік атаулының өмірлік өзегі, аңсар арманы – «таза ауа» деп айттық. Осы ауаның бұзылуына әсерін тигізетін қандай экологиялық апаттарды айта аламыз?
Оқушы: Мысалы, уланған лас ауа арқылы адамдар мен жануарлар, құстар және өсімдіктер дүниесі тыныстайды. Қала автокөліктерінің табиғи ортаға зиянды әсері және көшеден 50 көлік 0.5 кг газ бөледі екен, осыны біз жолдың жиегіндегі ағаш жапырақтарына қонған шаң – тозаңнан анықтауымызға болады.
1949 жылдан бастап Павлодар, Қарағанды, Семей даласында ядролық қару жарылып, сынақ жүргізіліп келеді. Жарылыс кезінде бөлінген әртүрлі газдар ауаны ластады, сол ауамен дем алған тұрғындар көптеген ауруға ұшырады. Олжас Сүлейменов ағамыздың ұйымдастыруымен «Невада – Семей» қозғалысының талабы бойынша осы сынақтарды өткізуге 1991 жылы маусымда тыйым салынды.
Мұғалім. Табиғаттың көркін ажарландырып, жер бетін саялы баққа айналдыратын байлық көзі – су. Суға зиян келтіретін экологиялық проблемаға айналған қандай жағдайларды білеміз?
Оқушы: «Судың да сұрауы бар», - дейді халық. Қазақстан Республикасында мол сулы өзендер, көлдер, теңіздер бар. Осы мол суды өлшеусіз, есепсіз, мөлшерден тыс көп жұмсау судың азаюына әкеп соғады. Мысалы: Арал теңізіне Сырдария өзені мол су әкеп қоректендіріп отырады. Кейінгі уақытта осы өзен суын мөлшерден көп ауыл шаруашылығы үшін күріш, мақта өсіруде пайдаланды. Өзеннің теңізге апарар суы азайып, соның салдарынан Арал теңізінің суы азайып, көлемі кішіреюде. Тартылған су астынан тұзы шығып, кеуіп, ұшып ауа құрамына кіруде. Арал аймағы экологиясының осындай жағдайы Қазақстанда үлкен проблемаға айналып отыр. Осы проблеманы шешу үшін Мұхтар Шахановтың бастауымен «Аралға араша» атты қор ұйымдастырылды.
Табиғаттың тамаша туындыларының бірі – хайуанаттар. Халқымыз ежелден – ақ көптеген жануарларды аялап қамқорлыққа алған. Оларды «жақсылықтың жаршысы, бақыттың бастамасы» деп дәріптеген.
Оқушы: Қазіргі кезде қоғамымызда көптеген заңсыздықтар орын алып отырғаны шындық. Таяуда теледидардан «Шекарадан өзге елдерге заңсыз, жасырын түрде жануарлар алып өтпекші болған топты қолға түсірді», - деп хабарлады. Яғни ол жануарлар Қызыл кітапқа енбесе жеңіл, енсе ауыр жаза алатынын айтты. Неге бұлай? Жануарларды Қызыл кітапқа енген, енбеген деп бөліп әрқайсысына әр түрлі деңгейде қамқорлық жасасақ не болады? Бұдан шығатын қорытынды: жануарлардың бәріне бірдей қамқорлық жасалуы керек. Өйткені жануарлар дүниесі – табиғаттың бір бөлшегі.
Қорытынды
Мұғалім: Адамзат дүниеге келмес бұрын табиғат жаратылған. Табиғаттан нәр алсын деп адамды жаратқан. Өзімізді анадай аялаған туған жердің тұнық табиғатына сүйіспеншілік ілтипатпен қамқорлық жасап, қорғау әрқайсымыздың адамзаттық абзал борышымыз және парасатты парызымыз. Ендеше, балалар, осы «Табиғат туған анамыз» атты сабағымызда көп мәселеге тоқталдық. Қорытындылай келе, табиғатты қорғау оның барлық байлықтарын аялы қамқорлыққа алу біздің басты міндетіміз деп есептеймін. Осы сабағымызды мынадай өлең шумақтарымен аяқтағым келеді:
Табиғаттың тарылтпайық мөлдір кәусар тынысын,
Пәк табиғат әр жүректің тамылжыған жырысың.
Ей, адамзат! Ақылға сал, қатыгездік жасама,
Өзің – дағы содан туған – табиғаттың ұлысың!